СҚО-да туризм саласының даму қарқыны бойынша кеңес өтті. Шарада қонақтарға жасалған жағдай мен саланың даму қарқыны баяндалды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жыл сайын облысқа 165 мыңнан астам турист келеді. Демалушылардың басым бөлігі Имантау-Шалқар курорттық аймағында демалады. Соңғы екі жылда Имантау-Шалқар курорттық аймағында 20,6 шақырым автомобиль жолы жөнделген.
Туристік нысандарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін 5,2 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Алдағы уақытта жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын тағы төрт жолды жөндеу жоспарланған. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында екі құтқару бекеті орнатылып, туристік полиция бөлімшесі құрылды.
Бүгінде өңірде туризм саласында бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Имантау-Шалқар курорттық аймағында жалпы құны 3,3 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылып жатыр. Оның аясында жыл бойы қызмет көрсететін заманауи эко-қонақүйлер мен глэмпингтер салынуда. Аталған нысандарды пайдалануға беру 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
«Туристерге бар жағдайды жасау қажет. Сонда ғана өңірге келуші қонақтардың саны артады. Іске асырылып жатқан жобалар сапалы атқарылуы тиіс. Аудан әкімі мен басқарма басшысына маңызды істі жіті бақылауды тапсырамын», — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Тағы оқыңыз: Петропавлда кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

