Өңірге жұмыс сапарымен келген Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов облыс тұрғындарымен кездесті. Шараның басты мақсаты – аталған салалардың даму қарқынын баяндап, өзекті мәселелерді талқылау, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Кейін сөз кезегі Қанат Жұмабайұлына берілді. Оның айтуынша, елімізде 3 мыңнан астам мерзімді басылым, 250-ге жуық телеарна және 1400-ден астам ақпараттық агенттік жұмыс істейді. Соңғы жылдары БАҚ өкілдерін қолдауға арналған түрлі заң жобасы дайындалыпты. Сонымен қатар, Қанат Ысқақов мәдениет саласында да ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

«Елімізде 12 мыңнан астам тарихи және мәдени нысан бар. Оның 600-і теріскейде орналасқан. Тарихи деректер тұрғындарға қолжетімді болуы үшін “Е-Архив” жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде мемлекеттік органдардың 3 млн 300 мыңнан астам құжаты цифрлық форматқа көшірілді. Сонымен қатар, биыл елімізде 40 мәдениет нысаны салынып, 130 мекеме жөндеу көреді. Біз сонымен қатар, жастар саясатына баса назар аударудамыз. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Биыл 700-ден астам жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз», — деді Қанат Ысқақов.
Атқарылған және атқарылатын жұмыстар баяндалғаннан кейін тұрғындар Қанат Ысқақовқа өз сұрақтарын қоя алды. Жиыннан соң ол жергілікті БАҚ өкілдерімен тілдесті.
«Жергілікті БАҚ өкілдерінің салаға қосып жатқан үлесі зор. Республикалық телеарналарда еңбек етіп жүрген мамандардың барлығы облыстардан шыққан. Сондықтан, бұл бағытқа ерекше көңіл бөлеміз. Алдағы уақытта субсидия бөліп, жалақы мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны жаңартпақ ойымыз бар», — деді Қанат Жұмабайұлы.
Айта кету керек, облыста екі телеарна, 51 мерзімді баспасөз, 22 интернет-басылым жұмыс істейді. Жергілікті БАҚ өкілдері тұрғындарды тұрақты түрде елде және өңірде болып жатқан жаңалықтармен хабардар етіп отыр.
Тағы оқыңыз: «Қызылжар» футбол клубының маусым айына арналған күнтізбесі

