СҚО-да мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті
Туымыз, Елтаңба мен әуелеткен Әнұран. Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бүгін – Қазақстан Республикасының рәміздері күні. Егемендігіміздің нышандары осыдан тура 34 жыл бұрын қабылданған еді. Мерекеге орай Петропавлда ауқымды іс-шаралар өтуде. Петропавлда мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде атап өтілді. Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарына мыңнан астам Ту таратылды. Әнұранымыз шырқалып, көк байрағымыз көкке көтерілді.
Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі орталық алаңға жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, рәміздеріміздің ел үшін маңызына тоқталды.
СҚО-да мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті
«Ту, Елтаңба, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің белгісі ғана емес, халқымыздың тарихи мұрасының көрінісі. Егемендігіміздің нышандарында қазақтың мақсат-мұраты айқын көрсетілген. Өз рәміздері бар ел ғана Тәуелсіз болып табылады», — деді СҚО әкімі.
Салтанатты шарада өңіріміздің дамуына зор үлес қосып, саналы ұрпақ тәрбиелеп жүрген ұстаздар марапатталды. Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттік бренд қана емес, болмысымыздың көрінісі. Бір ғана Елтаңбаның әр деталі Қазақстан деп айқайлап тұрғандай. Онда бейнеленген шаңырақ – елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің бірлігін көрсетеді. Ал Тудың өзінде қаншама мән-мағына жатыр.
СҚО-да мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті
«Көгілдір түс – ашық аспан, күн даму мен өркендеуді бейнелейді. Қыран құс – бостандық, ал ою-өрнек ұлттық болмысымызды көрсетеді», — деді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Думанды шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Көрерменге ән мен жырдан шашу шашылды.