Қазақстанда мұғалімдерді аттестаттау жүйесі өзгереді. Енді педагогтер біліктілік санатын алу үшін пәндік тест тапсырмайды. Бұған дейін ұстаздар санат алу үшін арнайы емтиханнан өтіп, шекті балл жинауы керек болатын. Жаңа өзгеріс бұл талапты алып тастап отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова биыл аттестаттауды бастап қойған педагогтер бұрынғы жүйемен аяқтайтынын айтты. Оның сөзінше, қазірдің өзінде 51 мың мұғалім тест тапсырып, қажетті балды жинаған. Енді олар портфолиосын өткізіп, аттестаттаудың қалған кезеңдерінен өтеді. Егер бәрінен сәтті өтсе, қыркүйектен бастап қосымша үстемеақы алады.
Ал алғашқы тестілеуде шекті балл жинай алмаған мұғалімдерге тағы бір мүмкіндік беріледі. Олар шілде айында тесті қайта тапсыра алады. Бірақ қайта сынақтан да өте алмаса, біліктілік санаты берілмейді.
Сонымен қатар тестті қайта тапсыруды қаламайтын педагогтер үшін де жол қарастырылған. Олар қыркүйектен бастап пилоттық режимде іске қосылатын жаңа аттестаттау моделіне қатыса алады.
«Пәндік тест толықтай жойылған жоқ. Ол педагогикалық жоғары оқу орнын енді ғана бітірген жас мамандар үшін сақталады. Жас ұстаздар жұмысқа орналасарда тест тапсырады және екі жылдан кейін педагог-модератор деңгейіне өтетін кезде тағы да сынақтан өтеді.Педагог біліктілігі тестінің аттестацияға ешқандай байланысы болмайды. Категорияға тапсыратын мұғалімдер бұл тестілеуден өтпейді», — деді министр.
Пәндік тест мектеп директорлары мен басқа да басшылық қызметтегі азаматтар үшін міндетті талап болып қала береді.
Жаңа ережеде мұғалімдерге қойылатын бірнеше талап та жеңілдетілді. Енді эссе жазу, ғылыми мақала жариялау, авторлық бағдарлама жасау және оқу-әдістемелік материал әзірлеу міндетті болмайды.
Аттестаттауда мұғалімнің тәжірибелік жұмысына көбірек көңіл бөлінеді. Ашық сабақтар саны да азаяды. Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова педагог-модератор санаты үшін бұрын жыл сайын бес ашық сабақ өткізу талап етілсе, енді аттестаттау кезеңінде төрт сабақ өткізудің жеткілікті екенін айтты. Сондай-ақ біліктілікті арттыру курстарының көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқарады.
«Жаңартылған тәсіл мұғалімнің жұмысын тек академиялық көрсеткіштермен емес, оқушының тұлғалық дамуына қосқан үлесі арқылы бағалайды», — деді вице-министр.
Тағы бір өзгеріс — қағаз портфолио жинау тоқтатылады. Болашақта барлық процесс «Ұстаз» платформасы арқылы электронды форматта жүргізіледі. Жүйе мұғалім туралы мәліметтерді мемлекеттік базалардан автоматты түрде жинайды. Осылайша ұстаздар қағаз тасып, құжат жинап әуре болмайды.
Тағы оқыңыз: СҚО жастары үшін таптырмас мүмкіндік! Петропавлға Нью-Йорк киноакадемиясы филиалының өкілдері келді

