Мамлют ауданындағы №2 Мамлют орта мектебінде Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған ауқымды мерекелік шара өтті. Бұл мереке оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды бір мақсатқа — туған елге деген сүйіспеншілікті білдіруге жұмылдырды. Мектеп ауласы достық пен патриотизмнің нағыз ордасына айналып, әрбір қатысушы еліміздің көпұлтты мұрасына деген құрметін көрсете алды, деп жазады Qazaqstan Media.
Мерекелік бағдарлама Қазақстанды мекендеген сан түрлі мәдениеттің байлығын айқын танытты. Сахна төрінде бірінен кейін бірі әсерлі өнер нөмірлері ұсынылды. Жүрекке жеткен әндер де, көрерменді жігерлендірген ұлттық билер де көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әр сыныптың жас өнерпаздары музыка мен ұлттық киімдер арқылы өз халықтарының салт-дәстүрінің сұлулығын көрсетуге бар күшін салды. Балалардың өнері жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Татулықтың бастауы әр адамның жүрегінен басталатынын ұғындырды.
«Бірінші мамыр — күнтізбедегі жай ғана дата емес, бұл бейбітшілік пен өзара құрметтің белгісі. Біздің мектебіміз — түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін кішкентай Қазақстан. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, барлық игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін», — деді мектеп директоры Мадина Ақпанова.
Концерттің шығармашылық бөлімі ерекше әсерге бөледі. Төртінші сынып оқушысы Анастасия Шиховцева «Туған жер» әнін тебіреніспен орындады. 3 «А» сыныбының оқушылары «Қазақстан балалары» әнін шырқап, көрерменнің көңілін толқытты. Сондай-ақ жиналған жұртшылық хореографиялық қойылымдарды зор қызығушылықпен тамашалады. Сегізінші сынып оқушылары украин биін ұсынса, тоғызыншы сыныптың өнерпаздары жарқын армян биімен көпшілікті тәнті етті.
Музыкалық нөмірлер де мерекенің сәнін арттырды. «Балқаймақ» ансамблінің орындауындағы домбыра үні қазақтың кең даласының рухын сездірд. Полина Полонская мен Дарина Аргимбаева ұсынған өнер нөмірлері кештің мазмұнын байыта түсті.
Мерекенің шарықтау шегі бірінші сыныптың ең кішкентай бүлдіршіндері орындаған жігерлі «Қара жорға» биі болды. Көрермендер жас бишілерді ыстық ықыласпен қолдап, ұзақ қол соқты. Мектеп әкімшілігінің айтуынша, мұндай тағылымды кездесулер өскелең ұрпақты тәрбиелеуде аса маңызды. Осындай шаралар балаларға бейбітшілікті сақтаудың, адамдар арасындағы достықты бағалаудың маңызын терең түсіндіреді.

№2 Мамлют орта мектебі әр баланың үні естілетін, әр оқушы өзін түсінілген әрі қолдау тапқан ортада сезінетін білім ордасы болып қала береді. Ал сан алуан дәстүрдің тоғысуы мектеп ұжымын бұрынғыдан да берік, ұйымшыл әрі рухани бай ете түсуде.
Тағы оқыңыз: Мамлют ауданында достық пен келісімнің үлкен мерекесі өтті

