Қазақстан инвесторлар мен IT-мамандар үшін елге кіру тәртібін жеңілдетті. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі «24KZ» телеарнасына сілтеме жасап.

10-сәуірден бастап Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін шетел азаматтары үшін жаңа ережелер күшіне енді. Бұл өзгерістер қажетті мамандарды тартуға және кадрлардың сапасын арттыруға бағытталған. Инвесторлар мен сұранысқа ие мамандық иелері үшін жеңілдетілген кіру тәртібі сақталады.

«Инвестициялық жобалардың басшылары мен қатысушыларына, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне берілетін жеке санаттағы визалар сақталады. Бұл шаралар ел экономикасына жеңілдетілген тәртіппен кіруге, бизнесті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шетелдік азаматтарға арналған арнайы визалар сұранысқа ие мамандық иелеріне қарастырылған. Олардың қатарында нейрохирургтер, гематологтар, фармацевтикалық өнеркәсіптің инженер-технологтары, бактериологтар, графикалық анимация мамандары және басқа да кәсіп иелері бар», — деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Жалпы тізімде 51 мамандық бар. Ол экономиканың қазіргі қажеттіліктеріне байланысты үнемі жаңартылып отырады. Келесі жаңарту көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында жоспарланған.

Сонымен қатар елде жоғары білікті мамандар мен цифрлық көшпенділер үшін жаңа виза түрлері енгізілуде. Бұл да шетелдік кадрлар мен технологияларды тартуға бағытталған. Бұдан бөлек, оларға мемлекеттік органдардың сұранысы негізінде жеңілдетілген кіру мүмкіндігі қарастырылған.

«Шетел азаматы салалық уәкілетті мемлекеттік органның негізделген өтініші бойынша Қазақстанға жеңілдетілген тәртіппен кіре алады. Қабылданып жатқан барлық шаралар мемлекет, бизнес және қоғам мүдделерінің теңгерімін сақтауға бағытталған. Қазақстан адами капиталды тарту және тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін заманауи, ашық әрі жауапты көші-қон саясатын жүйелі түрде қалыптастырып келеді», — деді министр.

Тағы оқыңыз: Теріскейлік дзюдошы Назгүл Маратова Астанада өтетін халықаралық турнирде бақ сынайды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *