Қазақстанда көру қабілеті бұзылған балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолданған депутаттық сауалда айтылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Сауалда келтірілген мәліметке сүйенсек, елімізде есепте 235 мың ерекше білім беру қажеттілігі бар бала тіркелген. Соның ішінде 6328 баланың көру қабілеті бұзылған. Оның 6020-сы – нашар көретін, ал 308-і – мүлде көрмейтін балалар.
Қазір көру қабілеті бұзылған балалар 16 арнайы мектепте, 12 арнайы балабақшада, 115 арнайы сыныпта және 90 арнайы топта білім алып жатыр. Сонымен қатар олар жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті ортада да оқиды. Алайда депутаттардың айтуынша, бұл балаларды ірі қаріппен жазылған оқулықтармен, арнайы дәптерлермен және бейімделген оқу құралдарымен қамтамасыз етілмеген.
«Бүгінгі таңда көзі нашар көретін балаларға арналған үлкейтілген қаріппен жазылған қажетті оқулықтардың жартысынан көбі жоқ. Дайындық сыныбына қажетті 5 оқулықтың бірде бірі жоқ. Бірінші сыныпта 12 оқулықтың 5-еуі, екінші сыныпта 12 оқулықтың 8-і, үшінші сыныпта 13-тің 9-ы жоқ. Осылайша он бірінші сыныпқа дейін көптеген оқулықтыр жоқтың қасы.
Қазіргі таңда елімізде:
— бастауыш, негізгі және жалпы орта білім деңгейлерінде ірі қаріппен жазылған оқулықтар мен оқу құралдары толық әзірленбеген;
— арнайы сызықтары бар дәптерлер, көрнекілігі күшейтілген оқу құралдары жүйелі түрде қамтылмаған;
— оқу материалдары көбінесе стандартты форматта ұсынылады, бұл нашар көретін балалардың көруіне шамадан тыс күш түсіріп, оқу үлгерімінің төмендеуіне әкеледі»,-деп жазылған сауалда.
Мамандардың айтуынша, көру қабілеті төмен балалар оқу кезінде тез шаршайды. Оқу материалын көру арқылы қабылдау олар үшін әлдеқайда қиын. Соның салдарынан көзге түсетін салмақ артып, көру қабілеті одан әрі нашарлауы мүмкін. Бұл тек оқу үлгеріміне ғана емес, баланың психологиялық жай-күйіне, әлеуметтік бейімделуіне және болашақтағы мүмкіндіктеріне де әсер етеді.
Осыған байланысты Үкіметке сауалға қол қойған 11 депутат бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, ірі қаріппен жазылған жоқ оқулықтарды әзірлеу. Арнайы дәптерлер мен көрнекілігі күшейтілген құралдарды шығару. Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған оқу-әдістемелік қамтамасыз етудің бірыңғай ұлттық стандартын жасау, арнайы жабдықтарды жаңарту және мамандармен қамтуды күшейту ұсынылды.
Тағы оқыңыз: Теріскейлік дзюдошы Назгүл Маратова Астанада өтетін халықаралық турнирде бақ сынайды

