Қазақстанда енді ұлттық ит тұқымдарына арналған арнайы күн пайда болды. Үкімет қаулысымен 3 қыркүйек – Қазақы тазы мен төбет күні болып бекітілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Тиісті құжатқа сәйкес, «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі» толықтырылып, жаңа 11-1-тармақ енгізілді. Онда 3 қыркүйек ресми түрде қазақы тазы мен төбет күні ретінде белгіленген.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Бұл шешім – ұлттық мұраны сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы ит тұқымдарын қорғау мен көбейту мәселесіне ерекше назар аударған болатын.
Айта кетейік, 2023 жылы тазы мен төбетті сақтау туралы арнайы заң қабылданды. Ал 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тазыны ресми түрде жеке тұқым ретінде таныды. Осылайша Қазақстан бұл тұқымның халықаралық стандартын ұстаушы ел мәртебесін алды.
Енді жаңа мерекенің енгізілуі – тазы мен төбетті тек қорғап қана қоймай, оларды кеңінен насихаттауға да жол ашады.
Тағы оқыңыз: Бокстан Әлем кубогында ел намысын қорғайтын Наталья Богданованың алғашқы қарсыластары анықталды

