Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік қызметкерге қатысты сот үкімі шықты. Соттың мәліметінше, ол бірнеше ай бойы дәрменсіз тұрғынның банктік картасынан ақша шешіп отырған. Инсульт алған ер адамның жағдайы қиын болғаны соншалықты, дұрыс сөйлей алмай, тамақты ыммен сұраған, деп жазады Qazaqstan Media.

Айыпталушының орнында 40 жастағы Ольга Ивановская болды. Ол 2015 жылдан бері Аққайың ауданындағы Смирнов ауылында әлеуметтік қызмет көрсету орталығында әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман болып жұмыс істейді. Сот анықтағандай, 2025 жылдың мамыр-қараша айлары аралығында ол Виктор Ершовтың банктік картасынан ақша шешіп отырған. Жалпы келтірілген шығын 250 мың теңгені құрады.

Сотта айыпталушы кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, ақшаны өзі иемденбеген, басқа қызмет алушы — Медведевке берген, ал ол Ершовқа азық-түлік пен темекі сатып алып жүрген. Алайда сот бұл нұсқаны жауапкершіліктен жалтару әрекеті деп бағалады. Оған қарсы орталық қызметкерлерінің, санитарлардың және жәбірленушімен бір бөлмеде жатқан адамның көрсетулері болды. Олар инсульттен кейін Ершовтың ақша да, азық-түлік те алмағанын айтты.

Куәгерлердің сөзінше, ер адам ыммен тамақ, темекі және ақша сұраған. Сонымен қатар оның сөресі үнемі бос болған. Негізгі дәлелдердің бірі — банкоматтағы бейнебақылау жазбалары. Үкімге сәйкес, 2025 жылғы 30 маусым, 9 шілде, 6 тамыз, 9 қыркүйек, 7 қазан және 5 қараша күндері айыпталушы жәбірленушінің картасынан 40 мың теңгеден шешіп отырған.

Бұл деректер банктік үзіндімен де расталған. Нәтижесінде сот әлеуметтік қызметкерді ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Сонымен қатар оның бұрын сотталмағаны және кәмелетке толмаған баласы бар екені ескерілді.

Сот Ольга Ивановскаяға 1,5 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындап, пробациялық бақылау белгіледі. Сондай-ақ оны жәбірленушіге 250 мың теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттеді. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Тағы оқыңыз: М.Жұмабаев ауданында шалғай ауылдарға жоғары жылдамдықты интернет тартылады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *