Солтүстікқазақстандық палуан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Жерлесіміз жеңіс жолында үш белдесу өткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
6-сәуірден бастап Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Дүбірлі додаға сары құрлықтың «Сен тұр, мен атайын» дейтін палуандары жиналған. Басы биік бәсекеде теріскейлік палуан Ислам Евлоев қола жүлдеге ие болды.
Жерлесіміз жүлде жолында үш белдесу өткізді. Алдымен ширек финалда жапониялық палуанның жауырынын жер иіскетті. Өкінішке қарай, ақтық сын жолдамасы сарапқа салынған белдесуде Олимпиада чемпионы Мохаммадхади Саравиге есе жіберді. Есеп — бір де үш.
Ислам Евлоев қола үшін белдесуде Онтүстік Корея өкілі Ли Минхомен белдесті. Кездесуде жерлесіміз қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Айта кету керек, дүбірлі дода 12-сәуірге дейін жалғасады.
Тағы оқыңыз: Қозыбаев университеті Қытаймен бірлесіп генетикалық ресурстар орталығын құруға кірісті

