Қозыбаев университеті Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің профессоры Джанг Джолианг пен академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студент келді. Профессор ҚР ҒЖБМ еліміздің жоғары оқу орындарына шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында шақырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Сапардың негізгі мақсаты агротехнологиялық факультетінің студенттері үшін дәрістер оқу, профессорлық-оқытушылық құрамға арналған семинарлар өткізу. Сонымен қатар, оқытушыларды зерттеу саласына тартуды арттыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру.
«Енді алдымызда жаңа маңызды кезең тұр. Қазір біз бірлескен жобаға техникалық тапсырмалар дайындап жатырмыз. Ол сүтті бағыттағы ірі қара малдың генетикалық ресурстар орталығын құруға бағытталады. Бұл елдің солтүстік өңіріндегі мал шаруашылығы кластерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», — деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Білім ордасы 10 жылдан астам уақыт бойы «Бір белдеу- бір жол» халықаралық бастамасы аясында Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен стратегиялық серіктестік орнатып келеді. Осы жылдар ішінде бұл ынтымақтастық толыққанды академиялық әрі ғылыми әріптестікке ұласты.
Бүгінде аграрлық бағытта екі бірлескен қос дипломдық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда бағдарлама бойынша екі магистрант ҚХР-да оқып жатыр.
Сонымен қатар, ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – академиялық ұтқырлық. Серіктестік жылдарында Қытайдан 100-ге жуық студент пен магистрант біздің университетте білім алса, Қозыбаев университетінің 30 студенті Қытайдың жоғары оқу орындарында оқыды. Алдағы уақытта тағы 35 студент Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде білім алады.
Солтүстік- Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті Қытай Халық Республикасындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Ол мемлекеттік бағдарламалар аясында генетика, өсімдік шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау, аграрлық биотехнология, су ресурстарын басқару және мал шаруашылығы салаларындағы мықты ғылыми мектептерімен танымал.
Тағы оқыңыз: Биыл Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне арналған әскери шеру болмайды

