Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат психологтардың қызметін құқықтық тұрғыда реттеуге, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл заң медициналық қызметке қолданылмайды. Заң жобасының негізгі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен психологиялық жағдайын жақсарту. Психологтардың біліміне, қайта даярлығына және біліктілігін растауға қойылатын талаптар да қарастырылған. Енді мамандар міндетті түрде мемлекеттік тізілімге енгізілуі тиіс. Сондай-ақ олардың кәсіби даярлығы жүйеленіп, кемінде бес жылда бір рет біліктілікті арттыру міндеті енгізілмек.
Бұдан бөлек, құжатта психологтардың құзыреті мен қызмет мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіби стандартқа қатысты нормалар қамтылған.
Заң жобасында психологтардың құқықтары мен міндеттері де белгіленген. Атап айтқанда, олар этикалық нормаларды сақтауға, ақпараттандырылған келісім алуға, құпиялылықты қамтамасыз етуге, кәсіби құпияны сақтауға және клиенттің келісімінсіз мәліметті үшінші тұлғаларға бермеуге міндетті болады.
Сонымен қатар психологиялық көмек алушылардың да құқықтары айқындалған. Олардың қатарында маманды таңдау, толық ақпарат алу, көмектен бас тарту, өз құқықтарын қорғау және шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігі бар.
Құжатта психологтарға медициналық қызмет көрсетуге және дәрілік ем тағайындауға тыйым салынады. Сондай-ақ психологиялық қызмет туралы жалған ақпарат таратуға және қызмет нәтижесіне кепілдік беруге жол берілмейді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да түзету мекемесенің бастығы сотталды, бірақ жазасын бостандықта өтейді

