Петропавлда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздардың рухына тағзым етілді
Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздардың рухына тағзым етілді. Шараға ардагерлер, сарбаздар және оқушылар қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Тәжік-ауған шекарасында интернационалдық борышын өтеуге барған 17 сарбаз ажал құшқан болатын. Оның 3-еуі — солтүстікқазақстандықтар. Қайғылы оқиғаның орын алғанына 31 жыл толып отыр. Осыған орай Петропавлда жауынгерлердің рухына тағзым етілді.
Жат жерде жан алысып, жан беріскен азаматтардың рухына тағзым етушілер — Ұлттық ұланға қарасты 6637 әскери бөлімінің қызметкерлері, сарбаздар, мектеп оқушылары мен тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен жандар. Жиналған қауым жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Көзі тірі ардагерлер жылда ескерткіш маңына табан тигізеді. Олар ескерткіште есімдері жазылған сарбаздарды танымағанымен олардың рухына тағзым етуді парызым деп біледі.
Петропавлда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздардың рухына тағзым етілді
«1993 жылдың күзінде әскерге бардым, кейін 1994 жылы Тәжікстанға аттандық, ол жақта 4 ай болдым. Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстың аяқталғанына 25 жыл болды. Осы орайда марапатталып отырмын. Бүгін еске алу күні, осында келіп ерлікпен қаза тапқан 17 сарбазды еске алып, рухына тағзым жасаймыз», — деді тәжік-ауған шекарасында болған қақтығыстың ардагері Берік Жәнібеков.
Айта кетейік, жалпы тәжік-ауған шекарасын лаңкестерден қорғауға 10 мыңнан астам қазақстандық қатысқан екен. Олардың 100-ден астамы — теріскейліктер.