Петропавл қаласында жаңа қоғамдық демалатын орын пайда болмақ. Бұл жолы ол жай ғана демалыс орны емес — тұтас бір дәуірдің үнін жеткізетін рухани мекенге айналмақ. Сквер татар халқының ұлы ақыны Ғабдулла Тукай құрметіне арналады. Мұнда сөз зергерінің бюсті орнатылып, оның шығармашылық мұрасы ұлықталады, деп жазады Qazaqstan Media.
Жаңа нысанның ашылуы ақынның 140 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Бұл айтулы дата Qyzyljar Sabantui – 2026 аясында кең көлемде аталып өтпек. 25–26 шілде күндері Петропавл үлкен мәдени алаңға айналып, ұлттық ойындар, концерттер, көрмелер және татар халқының тағамдары ұсынылатын мереке ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Татарстан басшысы Рустам Миннихановтың келуі күтілуде.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, бұл бастама жоғары деңгейде қолдау тапқан. Жоба бүгінде нақты іске асу кезеңіне өтіп, ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
2026 жыл татар әлемінде Ғабдулла Тукай жылы деп жарияланған. Оның шығармашылығы ұлттық мәдениеттің іргетасына айналып қана қоймай, қазақ поэзиясына да әсер еткен. Әсіресе, Мағжан Жұмабаевтың рухани ізденістеріне Тукай поэзиясы айрықша ықпал еткені айтылады. Сондықтан сквердің Мағжан орталығы маңынан орын алуы — мәні терең шешім.
Қазірдің өзінде сквер аумағы жаңарып келеді. Айналадағы үйлердің қасбеттері де жаңартылады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да прокурорлар мемлекеттік сатып алу бойынша бұзушылықтарды анықтады

