Биылғы жыл Қазақстанда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект жылы болып бекітілді. Осыған орай облыстық балалар кітапханасының мамандары М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың оқу-лабораториялық корпусында семинар өткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шара барысында өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген кітапхана қызметкерлері жаңа цифрлық қосымшаларды қолдануды үйренді. Бұл бәсеге қабілетті болуымызға зор септігін тигізері сөзсіз.
«Бүгін 50 маманға жаңа технологияларды қолданудың әдіс-тәсілдерін үйретеміз. Олардың ішінде Canva, ChatGPT, CapCut сынды қосымшалар бар. Бұл арқылы кітапханашылар оқырманға арнап танымдық бейнематериал мен шақырту қағаздарын жасайды. Сонымен қатар, жаңа кітаптардың қызықты анонстарын істеуді үйренеді. Аталған дүниенің бәрі жастарды кітап оқуға баулу мақсатында кәдеге жаратылады», — деді Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөпірімдер кітапханасының бөлім басшысы Динара Қаратаева.
Бүгінгі семинардан өзіне пайдалы мағлұмат аламын деп келіп отырған жандардың бірі — Гүлнәр Жоламанова. Нәзікжанды Бескөл ауылындағы №3 орта мектептегі кітапханада жұмыс істейді. Айтуынша, заман игілігінің жақсы тұстары көп, бірақ оны ақылмен қолдана білу қажет.
«Пайдалы жақтары өте көп. Керек ақпараттарды бірден тауып алады, көп ойланудың қажеті жоқ. Тиісінше, уақыт аз кетеді. Бірақ, ЖИ-ге сеніп, жалқау болып кетпеу қажет», — деді Гүлнәр Жоламанова.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталмыш семинар алдағы уақытта өз жалғасын табады. Себебі, оған қатысып, біліктілігін арттырғысы келетін кітапханашылардың қарасы қалың.
Тағы оқыңыз: СҚО-да облыстық ардагерлер ұйымының IX есеп беру- сайлау конференциясы өтті

