Солтүстік Қазақстан облысында телефон алаяқтары бірнеше зейнеткерді ірі көлемдегі ақшасынан айырмақ болған. Олардың бірі 1,5 млн теңге аударуға дайын тұрған. Тіпті алаяқтарға қатты сенгені сонша, жанында тұрған нағыз полицейлерге сенбеген. Ал екінші әйел 4,5 млн теңгені банкомат арқылы жіберуге келгенде, телефонның ар жағынан мрақұм болған ұлының дауысы тоқтатқан, деп жазады Qazaqstan Media.
Жиеніме ақша керек
75 жастағы әйел сауда орталығына келіп, 1,5 млн теңгені «Анастасия есімді жиеніне» аудармақ болған. Сол сәтте сауда үйінде кезекшілікте жүрген полицейлер оның алаяқтардың құрбаны болғанын түсіндіріп, ақшаны тоқтатуға тырысады. Бірақ зейнеткер телефондағы бейтаныс адамдарға көбірек сенген.
Полицейлер әйелден телефонды беруді сұрап, кейін Ресейде тұратын қызымен байланысады. Оның қызы да полиция қызметкері екен. Соған қарамастан, әйел бірден сене қоймаған. Тіпті полиция басқармасына апарғаннан кейін де, алаяқтардың ықпалынан шыға алмай, оларға хабарласып, «полицейлерге шындықты айтуға бола ма?» деп сұрамақ болған.
СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Милена Балацкаяның айтуынша, бұл – алаяқтардың жиі қолданатын тәсілі.
«Алаяқтар жанында нағыз полицейлер барын түсінген бойда, әйелге дәл сол полиция қызметкерлері – алаяқтар деп сендіре бастайды. Мұндайда қылмыскерлер жәбірленушіні айналасындағы адамдардан оқшаулап, өздерін ғана сенімді адам ретінде көрсеткісі келеді», – дейді ол.
Әдеттегідей, бәрі «есептегіш тексеру» туралы қоңыраудан басталған. Кейін әйелге «айна шот» барын, ақшаны соған тез аудармаса, атына несие рәсімделетінін айтқан. Одан соң «Анастасия деген жиені» туралы оқиға қосылған. Бұл жалған аңыз ақша аударту үшін ғана емес, жанында полицей не күзетші пайда болса, соларға не айту керегін алдын ала үйрету үшін де керек болған. Яғни, бұл жай алдау емес, адамды толық бақылауға алатын көп сатылы схема.
Телефон арқылы марқұм ұлының дауысын естіген
Полицейлер бірінші жағдайда 1,5 млн теңгені аман алып қалды. Бірақ олар банкомат маңынан кетісімен, сол жерге тағы бір әйел келген. Ол да телефонмен сөйлесіп, алаяқтардың айтқанын орындамақшы болады. Қолында 4,5 млн теңге болған.
Милена Балацкаяның айтуынша, егер алаяқтар өздері қателеспегенде, әйел сол ақшаның бәрін аударып жіберуі мүмкін еді.
Бір кезде телефонға әйелдің «ұлы» шыққан. Ол анасын тыныштандырып, ақшаны аударуға көндіре бастаған. Сол сәтте әйел бірден тоқтап қалған. Себебі оның ұлы қаңтар айында қайтыс болған екен. Осыдан кейін әйел телефонның ар жағында туысы емес, ақшаны алдап алғысы келген бөтен адамдар тұрғанын түсінген.
Полицейлер, егер біреу сізге «қауіпсіз шот», «айна шот» туралы айтса, ақшаны шұғыл түрде басқа есепшотқа аударуды талап етсе, ешкімге ештеңе айтпауды бұйырса немесе телефон арқылы әрекет етуге мәжбүрлесе – бұл анық алаяқтықтың белгісі,- екенін ескертеді.
Мұндай жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, туыстарыңызға немесе полицияға хабарласу керек.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдаушы кәсіби отбасылар пайда болуы мүмкін

