СҚО-да орман шаруашылықтарына су жаңа техникалардың кілті табысталды
Орман қорын сақтау және табиғатты қорғау. СҚО-да орманшыларға су жаңа 51 трактордың кілті табысталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жаңа тракторлар облыстың әр ауданындағы орман шаруашылықтарына бөлініп берілді. Мамандардың айтуынша, заманауи техниканың көмегімен орман алқаптарын күтіп ұстау жұмыстары әлдеқайда жеңілдеп, өнімділік артады. Әсіресе орман ішіндегі жолдарды тазалау, жер жыртуға, ағаш отырғызу және өртке қарсы жолақтар жасау жұмыстары жылдам әрі тиімді атқарылады.
СҚО-да орман шаруашылықтарына су жаңа техникалардың кілті табысталды
«Лизинг бойынша 107 техника алынуы қажет. Соның 51-і бүгін беріліп отыр. Оның алдында 27-сі тапсырылған еді. Мамыр айында тағы өрт сөндіру көліктері келеді», — деді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қалықов.
Алтынбек Өтебаев Айыртау ауданындағы «Борлық» орман шаруашылығында қызмет етеді. Білікті маманның осы салада еңбек етіп келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Айтуынша, жаңа техника 22 мың гектер жердегі жасыл байлықтың күтімін жіті назарда ұстауға ықпал етеді.
«Орман шаруашылығымыз 3 орманшылыққа бөлінген. Қазіргі таңда онда 32 маман жұмыс істеуде. Қызметкерлер жеткілікті, ынталары жоғары. Біздің міндетіміз — орманды күзету, рұқсатсыз ешкімге кестірмеу, өрттен сақтау, жыл сайын ағаш егіп, оны баптау. Бізге 5 техника берілді. Бұл — қосымша күш», — деді «Борлық» орман шаруашылығы директорының орынбасары Алтынбек Өтебаев.
Қоса кетейік, облыста орман шаруашылығы саласында 700-ден астам маман жұмыс істейді. Барлығы 12 орман шаруашылығы бар.