Петропавлдағы №29 жалпы білім беретін мектепте «Ұлттық ойын — рухани күш» тақырыбында танымдық әрі спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Ұлттық мұрамызды дәріптеуге бағытталған шара барысында оқушылар ата-бабадан жеткен ойын түрлерімен танысып, өзара шеберлік сынасты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бағдарламаға асық ату, бесасық, ләңгі және тоғызқұмалақ енген. Мектепте тоғызқұмалаққа қызығатын оқушылар аз емес. Солардың бірі — Екатерина Федоренко. Ол бірнеше жыл бұрын ойлауды дамытатын ойынды меңгеріпті.

СҚО-да ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шара өтті
СҚО-да ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шара өтті

«Мен шамамен бес жыл тоғызқұмалақ ойнаймын. Үйренген күнім есімде, бірден ерекше әсер қалдырды. Уақыт өте тәжірибе жинақтап, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік туды. Қалалық және облыстық турнирлерде бақ сынап, өз шеберлігімді шыңдадым. Бұл ойын ойлау қабілетімді дамытып, шыдамдылық пен есепке жүйріктікті қалыптастырды», — деді мектеп оқушысы Екатерина Федоренко.

Оқушылар тек зияткерлік ойындармен шектелмей, қимыл-қозғалысқа негізделген ұлттық ойындарға да белсенді қатысты. Соның бірі — ләңгі тебу. Бұл ойын ептілік пен шапшаңдықты талап етеді. Ойынның негізгі шарты — ләңгіні аяқтың ішкі жағымен мейлінше көп тебу. Тура доп тепкенмен бірдей. Бірақ мұнда ләңгінің көлемі айтарлықтай кішкентай.

СҚО-да ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шара өтті
СҚО-да ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шара өтті

«Ләңгі — көнеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Бүгінде осы дәстүрлі ойынды жастар арасында қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өкінішке қарай, қазіргі балалардың барлығы бірдей бұл ойын туралы біле бермейді. Көбіне ауылда өскен балаларға ғана таныс. Сондықтан қазір мектепте әр үзіліс сайын, кейде сабақтан тыс уақытта оқушыларға ләңгі ойнаудың қыр-сырын үйретіп жүрміз», — деді қалалық №29 жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Мәди Мәкенов.

Мұндай басқосулардың тәрбиелік мәні зор. Ұлттық ойындар арқылы оқушылар өзара сыйластықты, әділ бәсекені және бірлік пен ынтымақты сезінеді. Сонымен қатар, мәдениетке, тарихи мұраға қызығушылықты арттырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай ұлттық құндылықтарды насихаттайтын шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бүгінде қалалық №29 мектепте 700-ден астам бала білім алуда.

Тағы оқыңыз: СҚО-да бүтін бір отбасы иіс тиіп уланды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *