Өңірде «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің түсірілімі басталды. Тарихи әрі шытырман оқиғаға толы туынды жылқыны алғашқы қолға үйреткен Солтүстік Қазақстан облысы жайлы болмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Сюжеттік желіге сәйкес, негізгі оқиға қазіргі заманда өрбитін болады. Шығарманың режиссері — Андрей Авдеев. Оның сөзінше, фильмге жергілікті актерлер де түседі.
«Өткен жылдың жазынан бастап біз осы фильмді таспалауға дайындық жұмыстарын жүргіздік. Алдын ала түсірілім болатын локацияларды таңдадық, кастинг өткіздік. Туынды Ұлттық киноны қолдау орталығының демеуімен түсіріліп жатыр. Жобаға 300 млн теңге бөлінген. Біз өткен мен бүгінгіні сабақтастырғымыз келеді. Ежелгі ғасырларға сапар жасаймыз. Шытырман оқиғалар да қамтылады», — фильмнің режиссері Андрей Авдеев.
Фильмнің алғашқы кадрлары түсірілді, енді кезек кино саласында дәстүр болып қалыптасқан рәсімге келді. Ол — түсірілім тобының жазулары бар тәрелке сындыру.
Сонымен қатар, фильмде Ботай мәдениетінің әлемге танылуына себепкер болған жандардың бірі Анатолий Плешаков та бой көрсетеді. Археолог кинокартинада өз-өзін сомдайтын болады. Айта кетейік, тарихи туынды қалың көрерменге ағымдағы жылдың желтоқсан айында жол тартады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 26 адам малдарын қараусыз қалдырғаны үшін жауапкершілікке тартылды

