СҚО-да 2025 жылы тоғыз мыңнан астам адам қан тапсырған
Өмір сыйла — донор бол! Былтыр 10 мыңнан астам жерлесіміз облыстық қан орталығына келген. Соның 90 пайызынан қан алынған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Солтүстікқазақстандық шекарашылар облыстық орталыққа қан тапсыру үшін келіп отыр. Мақсат бір — құндылығы алтыннан да қымбат әрі тапшы дүниені өткізіп, хал үстінде жатқан адамның өмірін сақтап қалуға үлес қосу. Ең алдымен сауысқандай сақ қызметкерлер дәрігерлердің қарауынан өтті.
Бойы мен салмағы және қан қысымы тексеріліп, гемоглобин көрсеткіші бақыланды. Бұл игі іс алдындағы маңызды процесс. Себебі, тексеріссіз донор атанса қанға мұқтаж адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін.
«Игі іске бірінші рет барғандардан 350 мл қан тапсырады. Тұрақты донорлардан көптеу алынады. 2025 жылы 10 мыңнан астам жерлесіміз орталыққа келді. Соның 90 пайызынан қан алдық. Себебі, бәрі бірдей донор бола алмайды. Егер адамдар дәрігердің есебінде тұрса, дәрі-дәрмек қабылдаса қан тапсырмайды. Статистикаға сүйенсек, елімізде көбіне 1-ші қан тобы кең таралған», — СҚО қан орталығының дәрігер-терапеві Евгения Захарова.
Донор болу — сауапты іс. Бір рет қан тапсырған жан үш адамның өмірін құтқарады. Бұл игі іс арқылы өзгеге ғана емес, өзіне де пайдаң тиеді. Дәлірек айтсақ, қан тапсыру адам өмірін 5-7 жылға дейін ұзартады.
СҚО-да 2025 жылы тоғыз мыңнан астам адам қан тапсырған
«Облыстық департаментте еңбек етіп жүргеніме үш жылдан асты. Облыстық қан орталығына барлығы 10 қызметкер келдік. Үш жылдан бері қан тапсырып жүрмін», — ҚР ҰҚК Шекара қызметі СҚО бойынша департаментінің бөлім бастығы Игорь Цой.