Петропавл қаласында қазақ тілінде білім беретін балабақша ашылды. Нысан 280 балаға шақталған. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жас Өркен шағын ауданы қарқынды түрде дамып келеді. Тұрғындар саны артып, соған сай әлеуметтік инфрақұрылымға деген қажеттілік те өсуде. Мұнда қазірдің өзінде емхана, мектеп, спорт нысандары мен театр салынған, алайда балабақша жетіспеген еді.
Мектепке дейінгі мекеменің құрылысы осы жылдың басында басталды. Бас мердігер ретінде «Основание» ЖШС жұмыс атқарды. Жаңа балабақшаның меңгерушісі болып Балғын Мусина тағайындалды.
Ол мектепке дейінгі білім беру саласында 1991 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын «Салтанат» балабақшасында тәрбиеші болып бастаған, кейін әдіскер қызметін атқарған. Ал соңғы 13 жылда басшылық қызметтерде жұмыс істеп келеді.

«Балабақшада екі жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған 12 топ болады. Мұнда 24 тәрбиеші, сондай-ақ логопед, психолог, музыка жетекшісі және дене шынықтыру нұсқаушысы жұмыс істейді. Барлық топтар мультимедиялық кабинеттермен жабдықталған, жасанды интеллект элементтерін пайдалану қарастырылған», — деді «Жас Өркен» балабақшасының меңгерушісі Балғын Мусина.
Жаңа білім беру мекемесінің ашылуымен білім саласының өкілдері мен ата-аналарды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

«Балабақшаның ашылуы — балаларымыздың дамуына жағдай жасау жолындағы маңызды қадам. Бұл — Петропавл қаласында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған үшінші балабақша. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес прокуратураның қадағалауымен арнайы мемлекеттік қор жұмыс істеп жатыр. Ол ел бойынша түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Республика көлемінде де, біздің облыста да көптеген әлеуметтік, мәдени, спорттық және инфрақұрылымдық нысандар салынуда. Солтүстік Қазақстан облысында қор қаражаты есебінен жалпы сомасы 57,8 млрд теңгені құрайтын 38 жоба жүзеге асырылуда. Бұл — өңірдің әлеуметтік саласына көрсетіліп отырған зор қолдау», — деді облыс басшысы.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 97,8%-ды құрайды. Жергілікті биліктің міндеті — бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу.
«Біз төртінші балабақшаның құрылысын бастадық. Ол Мағжан Жұмабаев атындағы лицей мен облыстық теннис орталығының жанында, Уәлиханов көшесінде орналасады. Бұл балабақша да 280 орынға есептелген, жобаның құны 2,5 млрд теңгеден асады. Қаржыландыруды «Қазақстан халқына»қоры жүзеге асырып отыр. Нысанды келесі жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Мердігер — «Основание» ЖШС басшысы Сергей Тимофеевке алғысымды білдіремін. Компания өңірге жақсы таныс және мұнда көптеген нысан салған. Жер телімін рәсімдеу, тұрғын үйлерді бұзу, инженерлік желілерді тарту секілді бастапқы кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, балабақша қысқа мерзімде салынды», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Құрылыс жұмыстарына кепілдік мерзімі — үш жыл. Ғимараттың жалпы аумағы — 3122,69 шаршы метр.
«Шағын аудан тұрғындарын осы маңызды оқиғамен, сондай-ақ Тәуелсіздік күні және Жаңа жыл мерекесімен тағы да құттықтаймын. Бұл ғимаратта болашақ ұрпақ тәрбиеленіп, балаларымыз сапалы білім алып, бақытты әрі дені сау болып өссін, ал болашақта Отанымыздың сенімді тірегіне айналсын», — деп атап өтті облыс әкімі.
Ашылу салтанатында тәрбиеленушілердің ата-аналары сөз сөйлеп, жаңа балабақша үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ оның үйге жақын орналасқанына қуанышты екендерін жеткізді. Мерекелік көңіл күйді дәстүрлі қазақтың шашу рәсімі толықтырды.
Еске салайық, кеше «Жас Өркен» шағын ауданында көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Кілттер жыл сайын Есіл өзені тасып, су басатын Заречный кентінің тұрғындарына табысталды.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы әмбебап теннис орталығы қайта жаңғыртылды

