Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 155 адам қызылша жұқтырған. Оның 52 % 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар аурудың ұжымдасқан 14 ошағы тіркелді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қызылша тіркелген ұжымдардың алтауы білім беру орны. Ол – Солтүстік Қазақстан университеті, Ж. Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылық колледжі, Петропалдағы №23 орта мектеп және №2 Бескөл орта мектебі, Смирновтағы №3 мектеп және Бауман негізгі мектебі. Қызылша жұқтырғандардың 85 % немесе 132 жағдайында індетке қарсы екпе алмаған.
Бүгінгі таңда СҚО-да ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай да мәз емес.
«2024 жылғы қаңтар айында ЖРВИ-дің 20 666 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе өскен. Тұмаудың белсенді тіркелуі 2024 жылдың қаңтар айында басталды, онда H3N2 типті А тұмауының 44 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе өсуі байқалады. Аурғандардың ең көбі Петропавл қаласында тіркеледі – 19 факті», — деді брифингте СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.
Сондай-ақ облыста коронавирустық инфекцияның тоғыз, көкжөтелдің сегіз жағдайы тіркелді. Көкжөтел 14 жасқа дейінгі балаларда анықталған. Былтыр дәл осы кезде тіркелмеген екен.
Тағы оқыңыз: Петропавлда көпқабатты үйден құлаған қыз жансақтау бөлімінен шығарылды