Бір мақсатқа жүздеген адам жұмылғанда, үлкен жеңістерге жол ашылады. Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында дәл осындай ауызбіршіліктің нәтижесінде аудандық мәдениет ұжымы «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі – 2026» облыстық байқауында бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жеңіске бастар жол облыстық кезеңнен әлдеқайда бұрын басталды. Жыл басынан бері ауданның мәдениет қызметкерлері дәстүрлі байқауға тыңғылықты дайындалды. Көктемде өткен аудандық кезеңге 700-ге жуық адам қатысты. Оның ішінде 200-ден астам өнерпаз туған өлкенің тарихы мен Қазақстанның көрнекті тұлғаларының мерейтойларына арналған ауқымды театрландырылған қойылым ұсынды. Дайындыққа ауданның барлық ауылдық округтеріндегі шығармашылық ұжымдар жұмылдырылды.

Театрландырылған көріністе көшпелі дәуір, білім беру ісінің қалыптасуы, Ұлы Отан соғысы жылдары, тың игеру кезеңі және ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі бейнеленді. Әрбір тарихи кейіпкер елдің басты құндылықтарын дәріптеді. Ыбырай Алтынсарин білімнің маңызын, Дина Нұрпейісова домбыра өнері мен ұлттық мұраны сақтаудың мәнін, Жамбыл Жабаев рухани құндылықтарды насихаттады.

Кейін дәл осы бағдарлама облыстық байқауда ауданның намысын абыроймен қорғады.

Байқаудың қорытынды кезеңі облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында өтті. Онда өңірдің барлық аудандары өздерінің үздік өнерлерін көрсетті.

Жүздеген адамның еңбегі – Мағжан Жұмабаев ауданы мәдениет саласындағы байқауда бас жүлдені жеңіп алды
Жүздеген адамның еңбегі – Мағжан Жұмабаев ауданы мәдениет саласындағы байқауда бас жүлдені жеңіп алды

«Өткен жылы да жеңіске жетуді мақсат еткен едік, бірақ сәл ғана жолымыз болмады. Биыл аудан әкімі Рахат Смағұловтың қолдауының арқасында жаңа сахналық костюмдер алынды, жарық және дыбыс жабдықтары жаңартылды. Мұның бәрі өз нәтижесін берді. Бас жүлдені иеленгенімізді естіген сәттегі қуанышымызды сөзбен жеткізу қиын», – дейді аудандық мәдениет үйінің директоры Ғалия Жәкенова.

Байқаудың шымылдығын ашу мәртебесі де Мағжан Жұмабаев ауданының өнерпаздарына бұйырды. Қарақат Қайратқызы, Динара Сураганова және Әсел Баймұлдинаның музыкалық нөмірлері мен театрландырылған қойылымы көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

«Бұл – нағыз командалық жұмыстың жемісі. Қойылымға әртістер, музыканттар, бишілер, жарық пен дыбыс мамандары, барлық ауылдық округтердің шығармашылық ұжымдары қатысты. Ешкім шет қалған жоқ. Әрқайсысы өз жүрек жылуын қосты. Сондықтан бағдарлама да шынайы шықты. Бұл жеңіс – бүкіл ауданның ортақ жетістігі», – дейді Ғалия Жәкенова.

Жыл сайын өтетін бұл байқау Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бастамасымен ұйымдастырылады және ауыл мәдениетін дамытуға, шығармашылық ұжымдарды қолдауға, жаңа таланттарды танытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.

Мағжан Жұмабаев ауданы үшін бұл жеңіс – жай ғана марапат емес. Бұл бірнеше ай бойы бір мақсатқа жұмылған жүздеген адамның еңбегіне берілген жоғары баға. Бас жүлдемен бірге аудан ұжымына микроавтобус табысталды.

Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *