Уәлиханов ауданында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» тойланды

Наурыздың 16-сы – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні.Осыған орай Уәлиханов ауданының өнерпаздары қазақтың сырға салу дәстүрін көрсетті, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Сырға салу – қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі. Ол қыз ұзату, келін түсіру жоралғыларынан бұрын жасалады.
Бұрындары ата-аналар ұлдарына келінді өздері таңдайтын болған. Ұлына лайықты жар болатын қызды тапқан кезде, оның отбасына бір адамды өкіл қылып жіберген немесе қыз көруге арнайы өзі барған. Қызды айттыруға келген тарап үкі тағу, сырға салу сынды жоралғыларды жасасқан. Екі жақ сөз байласып, құдалық туралы уәделескен соң, бірте-бірте қалыңмалы төленеді. Айттырылған қыз «қалыңдық» атанады. Міне, осындай тамаша дәстүрді Уәлиханов ауданының белсенділері көпшілікке көрсетті. Бойжеткенге ата-анасының рұқсатымен сырға салынды. Үкі тағылды. Одан кейін құдалар жағы төс қағыстырып, алдағы той жайын келісті.
Сонымен қатар, қазақтың ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарынан дастархан жайылды. Мәселен, «жау жүрек» тағамы. Ол қойдың бауырынан жасалды. «Жаужүрек» деп аталуының себебі – оның құрамында қорқынышты жоятын гормонға әсер ететін элемент бар. Сондықтан оны ер адамдар мен жас балаларға береді. Бұл тағамды ыстық тіскебасар ретінде ұсынуға да болады. Тағы бір ұсынылған тағамдардың бірі – қарын бүрме.

«Ерекше тағамдарымыздың бірі – қарын бүрме. Қарын бүрменің ішіне сүрленген қазы, жал-жая, бүйрек барлығы қарынға салынып пісіріледі. Екінші қойылған тағам – ол жөргек деп аталады. Ол қойдың ішектерінен істелінеді. Сонымен қатар наурыз көже, құрт, ірімшік, қаптырма шелпек, бүйрек, жұқа нан қойылған. Тағы бір ерекше тағамдардың бірі – әсіп деп аталады. Ол қойдың бүйенінен істелінеді. Ішіне күріш пен туралған ет салынып пісіріледі»,-деп әр асты таныстырды аудандық орталық кітапхана қызметкері Жанаргүл Мүшелбай .

Сонымен қатар, бұл күні аудандық мәдениет үйінде қазақ кинолары да көрсетілді. Экранда «Алдаркөсе» мен «Менің атым Қожа» фильмдері ұсынылды. Аудан тұрғындары мен қонақтары үшін кіру тегін болды.

Тағы оқыңыз: Петропавлда Наурыз мерекесі көпқабатты үйлердің аулаларында тойланып жатыр

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x