Үйінен шығып кетіп, оралмаған әжейді іздестіру жұмыстары қуанышпен аяталды. Кейуананың жоғалғанын көршілері байқап, хабарлаған. Ал, полицейлер болса оны іздеп тауып, мұздай судың ортасынан аман-есен алып шықты, деп жазады Qazaqstan Media.

Саумалкөл ауылының 86 жастағы тұрғыны үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Оған қарасып жүрген көршілері алаңдап, шамамен сағат 21:00-де полицияға жүгінеді.  Дереу іздестіру жұмыстары ұйымдастырылады. Тәртіп сақшылары әжейдің Баянтай ауылы бағытына қарай баратын жолда — аудан орталығынан шамамен төрт шақырым жерде байқалғанын анықтайды. 

Шамамен сағат 22:00-де теміржол бойындағы аумақты тексеру кезінде криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Дастан Таласпаев пен жедел уәкіл Абылайхан Қабдушев қараңғыда бұталардың сытырлаған дыбысын естиді. Дауыстап шақырғанда ешкім жауап бермеген. Тек біршама уақыттан кейін ғана ақырын шыққан дауыс естілген. Есту қабілеті нашар зейнеткер фонарь жарығын байқап, көмекке шақырыпты. 

Белгілі болғандай, қария еріген қар суымен толған орға түсіп кетіп,  бұталарға шырмалып қалған. Ұзақ уақыт суық суда тұрып қалып, әбден әлсіреген.

Полиция аға лейтенанты Абылайхан Қабдушев ойланбастан мұздай суға түсіп, әжейді иығына көтеріп алып шығады. Полицейлер зейнеткерді жылытып, үйіне жеткізді. Бұған дейін ол кісі бұлай жоғалмаған, көршілерінің айтуынша, бағыт-бағдарынан жаңылу белгілері болмаған.

Тағы оқыңыз: СҚО-да көктемгі аңшылық маусымы басталады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *