СҚО-да тоғыз күннен кейін көктемгі аңшылық маусымы басталады. Биыл науқан 14 күнге ғана созылмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазіргі таңда аңшылар мылтықтары мен оқтарын және тиісті құжаттарды дайындауы тиіс. Осы орайда айта кету қажет, өңірде мамырдың тоғызына дейін құр мен үйректің аталығын ғана атуға болады. Өзен-көлдерді бетке аларда қалтаға қару ұстауға рұқсат қағазы, аңшылық шаруашылықтың жолдамасы мен жеке куәлікті салған абзал.
«Құжаттардан бөлек, аңшының өзімен бірге үйрек тұлыбы болуы керек. Себебі, тұлыбқа тек аталық үйректер жақындайды. Заңсыз аңшылық үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған», — деп хабарлады СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы.
Тағы айта кететін жайт, аңшы бір жерден екінші жерге көшкен кезде мылтықты оқсыз күйге келтіруі тиіс. Сонымен қатар, ауланған олжа жайлы жолдамаға белгі қоюы тиіс. Аңшылық кезінде қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау қажет. Аңшы әдебінің, қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Тағы оқыңыз: Еңбек еленген күн! СҚО-да бірқатар азамат мемлекеттік наградаға ие болды

