7 мамыр күні Петропавлдағы «Береке» ықшам ауданында қамыс өртенді. Қызыл жалын лезде жақын маңдағы баспаналарға жетіп, 9 үй жанып кетті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өрт сағат 19:00 шамасында басталған. «Береке» ықшам ауданындағы ашық алаңда қамыс өртеніп, екпінді желден жалын жақын маңдағы үйлерге тарап кетті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда лезде тараған қызыл жалын 9 үйді күлге айналдырған. 40 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың 9-ы балалар. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Отты ауыздықтауға 13 техника мен 73 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Тағы жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері де көмек көрсетуде. Әзірге, қызыл жалын мамандарға дес берер емес. Өйткені желдің екпіні күшті», — деді оқиға орнына жеткен СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.
Облыстық ТЖД бірден оперативті штаб құрылып, жедел желі жұмыс істеуде. Ал эвакуацияланған тұрғындар №25-ші мектепке орналастырылды.
Тағы оқыңыз: Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды