Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына 3 мыңға жуық қоныс аударушы мен қандас көшіп келген. Биыл баспана сатып алуға берілетін мемлекеттік қаржылай көмектің көлемі 7 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қоныс аударушылардың тұрмыс жағдайы және жұмыспен қамтылуымен танысты.
Солардың бірі — Алматыдан Петропавлға көшіп келген Мағжан Әмірбек. Жас маман 2023 жылдан бері жергілікті трансформатор зауытында еңбек етеді. Қоныс аударған кезде оған көтерме ақы төленіп, экономикалық ұтқырлық сертификаты бойынша баспана алуға қаржы берілген.
«Петропавл қаласы маған ұнады. Үй сатып алған кезде мемлекеттен 4,5 млн теңге қаржылай көмек алдым», — деді Мағжан Әмірбек.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда қоныс аударушыларға арналған квота негізінен ауылдық жерлерге қарастырылған. Қандастарды қабылдау мен орналастыруға белгіленген солтүстік өңірлер белсенді жұмыс жүргізуі тиіс.
Петропавлда жаңадан келген қандастарды уақытша орналастыру үшін жатын орындар да қарастырылған. Ал биыл қоныс аударушыларға баспана сатып алуға берілетін мемлекеттік көмектің көлемі 7 млн теңгеге дейін көбейтілді.
Асқарбек Ертаев өңірдегі еңбек мобильділігі және мансап орталықтарының жұмысын жандандыруды тапсырды.
Тағы оқыңыз: Қыркүйекте Солтүстік Қазақстанда жауын көп болады

