СҚО-да үш теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Халық үшін маңызды нысандар күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ел бойынша 124 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Солтүстік Қазақстан облысында Саумалкөл, Жаңаесіл және Тайынша теміржол вокзалдары күрделі жөндеу көріп, пайдалануға берілді. Жаңартылған ғимараттардың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.
СҚО-да үш теміржол вокзалы қолданысқа берілді
«Теміржол вокзалдары ондаған жылдар бойы елді мекендердің маңызды көлік торабы әрі ажырамас бөлігі болып келеді. Оларды жаңғырту – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, көлік қатынасының қолжетімділігін кеңейтуге және өңір тұрғындары мен қонақтарының сұранысына сай заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға қосылған маңызды үлес», – деді облыс әкімі.
Пайдалануға берілген вокзалдардың ғимараттары мен инженерлік инфрақұрылым кешені жаңғыртылды. Қасбеттері мен ішкі бөлмелері жөнделіп, іргелес аумақтар абаттандырылды. Жолаушыларға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалды. Бүгінде вокзалдар қауіпсіздік, қызмет көрсету сапасы және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді.