СҚО-да «Qyzyljar Investment 2026» халықаралық форумы өтті
Петропавлда «Qyzyljar Investment 2026» халықаралық форумы өтті. Шарада шетелдік инвесторлар мен облыстық әкімдік арасында 20-дан астам меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлда өңірдің экономикалық әлеуетін дамытуға арналған халықаралық инвестициялық форум өтті. Шараға кәсіпкерлер, инвесторлар мен шетелдік серіктестер қатысты. Олар алқалы жиын барысында инвестициялық жобалар мен өзара ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Айта кету керек, шара облыстың 90 жылдығына орай өткізіліп отыр. Форумның шымылдығын ашқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың теріскейтерге жолдаған құттықтауын оқып берді.
СҚО-да «Qyzyljar Investment 2026» халықаралық форумы өтті
«Ырысы мол, ынтымағы жарасқан қастерлі өлке. Қазір аймақ экономикасы қарқынды дамып жатыр. Азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасында өңір өркендеу жолына түсіп, көптеген жетістікке қол жеткізуде», — делінген құттықтау хатында.
Форумда өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Энергетика, көлік, цифрландыру және тұрақты даму салалары бойынша өзекті мәселелер көтерілді. Ең бастысы, аймаққа шетелдік инвесторларды тартуға баса назар аударылды. Қытайлық «Famsun» компаниясының вице президенті Дилан Не мырзаның жергілікті инвесторларға ұсынары көп.
«Компания ауыл шаруашылығы, мал азығы және азық-түлік өнеркәсібіне арналған жабдықтарды шығарады. Тауарларымызды әлемнік түкпір-түкпіріне экспорттаймыз. Біз салынатын кешендерді жобалаудан бастап оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге, орнатуға, іске қосуға және кехникалық қызмет көрсетуге дейінгі толық кешенді қызмет ұсынамыз. Болашақта Қазақстанда өз филиалымызды ашқымыз келеді», — деді қытайлық «FAMSUN Co., Ltd» компаниясының вице президенті Дилан Не.
Шара аясында шетелдік кәсіпкерлер мен облыстық әкімдік арасында 20-дан астам меморандумға қол қойылды. Болашақта жүзеге асатын тың жобалардың құны трлн теңгеден асып жығылады. Шара соңында облыс әкімі мен шетелдік инвесторлар Оқушылар сарайының алдында жайылған көрмемен танысты.