СҚО-да мемлекеттік тілдің ғылым мен білім саласындағы қолданысын кеңейтуге арналған республикалық тілшілер форумы өтті. «Мемлекеттік тіл – ғылым мен білімнің тұғыры» тақырыбындағы алқалы жиынға еліміздің әр өңірінен ғалымдар, педагогтер, тіл мамандары қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Басты назар қазақ тілін оқытуда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға аударылды. Форум барысында заман игіліктерін білім беру үдерісіне ықпалы талқыланып, педагогтердің тәжірибесі ортаға салынды.

Жиын аясында «Жасанды интеллектті пайдалану арқылы мемлекеттік тілді оқытудың жаңа тәсілдері» атты көрме де ұйымдастырылды. Мұнда ұстаздар цифрлық технологияларды сабақ барысында қолдану тәжірибесімен бөлісті. Форумда тіл саласына еңбегі сіңген азаматтар марапатталып, «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталды. Алқалы жиынға облыстың түкпір-түкпірінен 250-ге жуық ұстаз қатысты.

Солардың бірі – Тимирязев ауданынан келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлім Нұрсейітова. Оның айтуынша, оқушыға тілді үйретумен қатар, ана тілінің қадір-қасиетін түсіндіру де маңызды.

«Ұстаз ретінде мен үшін оқушыға тілді үйрету жеткіліксіз. Оның қазақ тілінде еркін сөйлеп, тілді құрметтеуі маңызды. Өз тәжірибемде өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін таза меңгеріп, еркін сөйлеп кеткен оқушыларым көп болды», — деді қатысушы.

Форумның практикалық бөлімі Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте жалғасты. Қатысушылар төрт секцияға бөлініп, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тіл үйрету үдерісіне енгізу, тілдік дағдыларды дамыту және қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды жаңғырту мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.

Тағы оқыңыз: Өңірдегі басты су қоймаларының бірі 100% толып тұр

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *