Солтүстік Қазақстан облысында 19–25 сәуір аралығында Еуропалық иммундау апталығы өтеді. Биыл бұл науқан «Вакциналар әр ұрпақ үшін жұмыс істейді» ұранымен ұйымдастырылады. Басты мақсат — халыққа екпенің өмірді сақтаудағы рөлін түсіндіру, вакцинацияға деген сенімді арттыру,деп жазады Qazaqstan Media.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, вакцинация — медицина тарихындағы ең қуатты құралдардың бірі.

«Соңғы жарты ғасырда вакциналар 150 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалды. Бұл өздігінен болған жоқ, бұл — миллиондаған адамдардың өз жақындарын қорғау туралы қабылдаған шешімдерінің нәтижесі. Елестетіп көріңіз: 50 жыл бойы күн сайын минутына 6 адам құтқарылған», — деді ол.

Спикердің сөзінше, бұл көрсеткіштердің артында тек медицина қызметкерлерінің еңбегі ғана емес, жауапты қоғамның таңдауы тұр. Соның арқасында бірнеше буын қызылша, дифтерия, көкжөтел және полиомиелит сияқты ауруларсыз өмір сүруге мүмкіндік алды.

«Вакцинацияны таңдау нәрестелер өлімін 40%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Ондаған миллион баланы мүгедектіктен сақтап қалды. Қазір тарихта алғаш рет көптеген балалар тек бір жасқа дейін аман жетіп қана қоймай, өсіп-өніп, өз отбасын құрып, ұзақ өмір сүруге мүмкіндік алып отыр», — деді Арман Күшбасов.

Сонымен қатар мамандар бүгінгі таңда иммундау саласындағы басты қауіптердің бірі — жалған ақпарат екенін айтады. Спикердің атап өтуінше, әлемде жыл сайын шамамен 20 миллион бала қажетті вакциналарды алмайды. Ал олардың 14 миллионнан астамы бірде-бір екпе алмаған.

Еуропалық иммундау апталығы халықтың вакцинацияға қатысты сауатын арттыруға, екпе жайлы дұрыс ақпаратты кеңінен таратуға бағытталған. Бұл әсіресе вакцинацияға күмәнмен қарайтын немесе алаңдайтын адамдармен ашық әрі түсіністікке негізделген диалог орнатуда маңызды.

Қазіргі таңда Қазақстанда республикалық бюджет есебінен 21 инфекциялық және паразиттік ауруға қарсы міндетті профилактикалық егулер жүргізіледі. Олардың қатарында «А» және «В» вирустық гепатиті, дифтерия, көкжөтел, қызылша бар. Қызамық, пневмококк инфекциясы, полиомиелит, сіреспе, туберкулез, эпидемиялық паротит және адам папиллома вирусына қарсы вакциналар бар.

Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша құтыру, іш сүзегі, кене энцефалиті, оба, коронавирус инфекциясы, сібір жарасы, тұмау және туляремияға қарсы екпелер салынады.

Еуропалық иммундау апталығы кезеңінде барлық ниет білдірген ересектер мен балалар, соның ішінде басқа елдерден келгендер, тіркеусіз тұратындар және тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар да аумақтық емханаларға жүгініп, тегін екпе ала алады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 13-ші IT-орталық ашылды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *