СҚО-да «Ботай» тарихи фильмінің түсірілім жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Туынды келесі жылы көрерменге жол тартады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Фильмнің сценарийі екі жыл бойы мұқият әзірленген. Туынды өңір тарихын жаңа қырынан көрсетпек. Қазіргі таңда түсірілім жұмыстары М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жүріп жатыр.
«Мұнда осы университеттің оқытушысы – Анатолий Плешаковтың қатысуымен бір көрініс түсіріліп жатыр. Ол өз-өзін ойнап жатыр десе де болады. Бұл жерде біздің басты кейіпкерлеріміз Олжас пен Жібектің арасындағы алғашқы сезім, махаббат хикаясының басы түсірілуде. Негізі, сценарийде жазылған дүние мен түсірілім алаңындағы шынайылық әрқашан сәл өзгеше болады, бірақ режиссер Андрей Сергеевич сценарийдегі әрбір детальды айнытпай бейнелеуге тырысып жатыр», — деді фильм сценарисі Еркебұлан Әлімжанов.
Түсірілім тобы кадрлардың барынша шынайы шығуына баса мән берген. Дәрісханадағы көріністерге білім ордасының студенттері де жаппай қатысып, нағыз сабақ сәтін көрсетуге атсалысуда. Фильмнің арқауына айналған бұл бірегей тақырып отандық кино саласында бұрын-соңды мұндай деңгейде қозғалған емес. Көне дәуірдің тылсым сырларын заманауи экран тілінде сөйлету – шығармашылық ұжымға зор жауапкершілік жүктеп отыр.
Университеттегі жұмыстар аяқталған соң, кино тобы өңірдің өзге де тарихи мекендеріне жол тартады. Шығармашылық ұжым алдағы уақытта Шалқар, Имантау аймағы мен Никольско-Бұрлық ауылына аттанбақ. Еліміздің әр қиырынан 70-тен астам маман жиналған ауқымды жоба аймақтың туристік бағытын дамытуды көздейді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда сенбі күні ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

