Петропавлда педагогтердің дәстүрлі облыстық Тамыз конференциясы өтті. Биыл алқалы жиын «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналды. Конференцияда жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу, мұғалімдердің жұмысын жеңілдету және жаңа оқу жылына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жиынға облыстың түкпір-түкпірінен 300-ден астам педагог қатысты. Арнайы келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Нұрлан Қиясов білім беру жүйесін цифрландыру мен заманауи технологияларды тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды.
«Жасанды интеллектіні ұдайы қолдансақ, ұстаздардың жұмысы жеңілдейді. Сонымен қатар оқушылар сабақты тез үйренеді. Бірақ барлық жұмысқа заман игіліктерін қолданған да дұрыс емес. Қазіргі таңда біз педагогтерге арналған оқыту курстарын жиі өткізіп жатырмыз. Берілген мүмкіндікті жіберіп алмауларыңызды сұраймын», – деді ол.
Конференцияда өткен оқу жылының қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңнің міндеттері айқындалды. Педагогтерді негізгі қызметіне қатысы жоқ қоғамдық жұмыстарға тартпау мәселесі де көтерілді.
Тәрбие жұмысына да ерекше назар аударылды. «Адал Азамат» бағдарламасы аясында оқушылардың бойында отаншылдық, жауапкершілік, заң мен тәртіпке құрмет, еңбекқорлық және жаңашылдық секілді құндылықтарды қалыптастыру көзделген.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, биыл өңірдің білім беру саласын дамытуға 162,9 млрд теңге бағытталған. Бұл жалпы бюджеттің 32,4 пайызын* құрайды.
«Бұл жай ғана шығын емес – өңірдің болашағына, балаларымыздың зияткерлік әлеуетіне және облыстың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға салынған инвестиция», – деді облыс әкімі.
Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалғанын айтып, ұстаздардың алдында сапалы білім мен саналы тәрбие беру міндеті тұрғанын атап өтті.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 12 мыңнан астам педагог еңбек етеді.
Тағы оқыңыз: Руслан Асаубаев: «Жастар сайлауға жаппай қатысуы қажет»

