Солтүстік Қазақстан облысында жол ережесін өрескел бұзған жас жүргізуші жауапқа тартылды. Ол ауыл ішінде бір емес, бірнеше рет жылдамдық асырып жүйіткіген. Оның бұл әрекетін бейне камералар түсіріп алыпты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оқиға Астана — Петропавл автожолының бойында, Келлеровка ауылы маңында болған. Полицейлер «Mercedes» көлігін тоқтатып, тексеру кезінде 19 жастағы Астана тұрғынының ауыл ішінде бірнеше рет жылдамдықты шамадан тыс асырғанын анықтады. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ол елді мекен аумағында сағатына шамамен 90 шақырым жылдамдықпен жүрген. Бұл жаяу жүргіншілерге, үй жануарларына және өзге көліктерге үлкен қауіп төндірген.
Жүргізушінің қайталанған құқық бұзушылықтары «Мегакам.Қорғау» жүйесі арқылы тіркелген. Белгілі болғандай, ол айыппұлдың 50 пайызын оқиға орнында банк қосымшасы арқылы төлеп берген. Ал өзінің әрекетін «камераларды байқамадым» деп түсіндірген.
Полицейлер құқық бұзушыны жауапқа тартып қана қоймай, онымен профилактикалық түсіндіру жұмысын да жүргізді. Оған жол ережесін сақтау камера бар-жоғына қарамастан әр жүргізушінің міндеті екені ескертілді.
Тәртіп сақшылары бейнебақылау жүйелері жазалау үшін емес, ең алдымен жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет екенін атап өтті.
Жалпы, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Солтүстік Қазақстан облысында 100 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 15 адам қаза тауып, 131 адам түрлі жарақат алған. Оның ішінде 92 апат жүргізушілердің кінәсінен болып, 14 адам көз жұмса, 123 адам зардап шеккен.
Тағы оқыңыз: Петропавлда екі мың адам абаттандыруды бұзған

