Қазіргі таңда өңірде әскерден жалтарып жүрген 865 азамат тіркелген. Өткен жылдың көктемінде олардың саны 795 болған. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлады.
2026 жылы өңірден 1019 азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланған. Көктемгі шақыру науқаны кезінде 417 жас әскер қатарына аттанды. Ал күзде тағы 514 солтүстікқазақстандықты Отан алдындағы борышын өтеуге жіберу көзделіп отыр. Аймақта жүздеген шақырылушы шақыру қағаздарын елемей, Қорғаныс істері жөніндегі департаментке келмей жүр.
«Бүгінгі күнгі мәлімет бойынша, Солтүстік Қазақстан облысында мерзімді әскери қызметке шақыруға байланысты іс-шаралардан жалтарып жүрген 865 азамат есепте тұр. 2026 жылдың басынан бері 39 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары – жұмылдыру басқармасының бастығы Жасұлан Найманов.
Айта кету керек, облыста 947 адам әскерге шақырудан заңды түрде кейінге қалдыру құқығына ие болған.
Тағы оқыңыз: 14 қыркүйектен бастап үй кезегіне тұру тәртібі өзгереді

