Қазақстанда мемлекеттік мектептерде директор тапшылығы өзекті мәселеге айналды. 16 сәуірдегі дерек бойынша елде 454 мектеп директорының орны бос тұр. Солтүстік Қазақстанда 56 мектепте директор жоқ. Бұл — барлық мектептердің 6,5 пайызы, яғни шамамен әрбір 15-ші мектепте тұрақты басшы жоқ деген сөз, деп жазады Qazaqstan Media.
Мәселе депутаттардың Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында көтерілді.
Депутаттардың мәліметінше, бос орындардың басым бөлігі ауыл мектептерінде тіркелген. 454 бос орынның 399-ы ауылдық, 56-сы қалалық мектептерге тиесілі. Әсіресе Ақмола облысында — 63, Солтүстік Қазақстан облысында — 56, Қарағанды облысында 49 директор орны бос.
Сондай-ақ 295 вакансия шағын жинақты мектептерге тиесілі. Бұл ауылдағы бос орындардың шамамен төрттен үш бөлігін құрайды.
«Жауапкершілік жоғары, ал жалақы қатардағы мұғалімнен төмен. Мектеп директорлары бірнеше жылдан бері магистр және доктор дәрежесі үшін қосымша ақы төлеу, олардың біліктілігін әділ бағалау мәселесін көтеріп келеді», — делінген депутаттық сауалда.
Сауал авторларының айтуынша, тұрақты директордың болмауы мектепті басқару сапасына тікелей әсер етеді. Бұл педагогикалық ұжымның әлсіреуіне, білім сапасының төмендеуіне және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықтың ұлғаюына әкелуі мүмкін.
Депутаттар Үкіметке мектеп директорларының еңбекақысын арттыру, ғылыми дәрежесі бар басшыларға қосымша ақы енгізу, ауылдағы басқарушы кадрларды ротациялау тәсілдерін қайта қарау және директорларды іріктеу критерийлерін ашық әрі орындалатын ету туралы ұсыныс жолдады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жылыту маусымы аяқталды

