Солтүстік Қазақстан облысында кене шағу деректері көбейіп отыр. Өңірде жыл басынан бері 419 адам дәрігерлерге жүгінген. Олардың ішінде 14 жасқа дейінгі 111 бала бар, деп жазады Qazaqstan Media.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, кенеден зардап шеккендер саны көп болғанымен, облыста кене энцефалиті тіркелмеген.
Мамандар кенеден қорғанудың негізгі жолы — вакцинация екенін еске салады. Екпені кене белсенділігі басталғанға дейін алдын ала алған дұрыс.
Сондай-ақ табиғатқа шыққанда жабық әрі ашық түсті киім киіп, кенеге қарсы арнайы құралдарды қолдану қажет. Биік шөп пен бұталы жерлерден аулақ болған жөн. Серуеннен кейін өзіңізді және балаларды мұқият қарап шығу маңызды.
Егер кене жабысып үлгерсе, оны абайлап пинцетпен немесе жіппен алып, шаққан жерді антисептикпен өңдеу керек. Мүмкіндік болса, кенені зертханаға талдауға тапсырған жөн. Бұдан кейін міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Қажет болған жағдайда 72 сағат ішінде арнайы препарат енгізілуі мүмкін.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Porsche қағып кеткен қыз оқиға орнында көз жұмды

