Солтүстік Қазақстан облысында Ұстаздар күніне орай педагогтерге сыйлықақы беру қарастырылған. Алайда оған облыстық бюджеттен арнайы жеке қаражат бөлінбейді. Төлем мемлекеттік мекемелерді ұстауға арналған қаржының үнемделуі есебінен жүргізіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
BAQ.KZ мәліметінше, облыстық білім басқармасы басшысының Мұғалімдер күніне орай сыйлықақы беру туралы бұйрығы аудандық және қалалық білім бөлімдеріне жіберілген. Сыйлықақының нақты мөлшері материалда көрсетілмеген. Мереке қарсаңында солтүстікқазақстандық ұстаздар мемлекеттік, ведомстволық және жергілікті марапаттарға да ұсынылған.
Атап айтқанда, төрт педагог «Құрмет» орденіне, үш педагог «Ерен еңбегі үшін» медаліне, тағы алты педагог «Еңбек ардагері» медаліне ұсынылды. Сонымен қатар екі ұстаз «Ыбырай Алтынсарин», үш педагог «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталады.
Облыстың 12 педагогіне «Мағжан Жұмабаев» ерекшелік белгісі табысталады. Білім басқармасының Құрмет грамотасымен 135, Алғыс грамотасымен 125 қызметкер марапатталады.
Қазақстанның өзге өңірлерінде Мұғалімдер күніне берілетін сыйақы тәртібі әртүрлі. Кейбір өңірлерде арнайы төлем қарастырылса, бірқатар облыста сыйақы тек білім беру ұйымдарында үнемделген қаражат болған жағдайда беріледі.
Тағы оқыңыз: СҚО спортшылары Азия ойындарынан екі алтын, бір күміс, бір қола медаль жеңіп алды

