Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы Иван Залезняк V Жазғы Параазия ойындарында ел намысын қорғайды. Ол сары құрлық додасында ядро итеру және диск лақтыру сайыстарына қатысады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
18-24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында V Жазғы Параазия ойындары өтеді. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында солтүстікқазақстандық пара жеңіл атлет Иван Залезняк өнер көрсетеді. Спортшы ядро итеру және диск лақтыру сайыстарына қатысады.
Иван Залезняк – Параазия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері. Ол 2018 жылы Джакартада өткен III Азия Пара ойындарында F36 санатында ядро итеруден 11,69 метр нәтиже көрсетіп, қола медаль иеленді. Ал 2023 жылы Ханчжоуда өткен IV Азия Пара ойындарында осы жетістігін қайталап, ядроны 12,39 метрге лақтырды.
Бұдан бөлек, спортшы халықаралық додаларда да жүлдеге ие болған. 2021 жылы Тунисте диск лақтырудан F36 санатында 33 метр нәтиже көрсетіп, күміс жүлде еншілесе, 2023 жылы Үндістандағы ашық чемпионатта 32,11 метр нәтижемен қола жүлдегер атанды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жасанды интеллектті меңгерген ұстаздар байқауы өтті

