Петропавлда жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жаңа форматтағы кездесу өтті. Оқушылар сарайында ұйымдастырылған шараға қаланың 15 мектебінен 150-ге жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Кездесудің мақсаты – сыныптан тыс үйірмелер мен спорт секцияларына қатыспайтын жасөспірімдерді пайдалы іспен айналысуға тарту. Шара барысында қаладағы тегін үйірмелер мен секциялардың жетекшілері өз бағыттарын таныстырып, балаларға жаңа мүмкіндіктер туралы айтып берді.

Қазіргі уақытта қалада 80-ге жуық жасөспірім есепте тұр. Биыл кәмелетке толмағандармен 24 қылмыс жасалған. Бұның алдын алу үшін облыс орталығындағы ерекше бастама қолға алынды.

«Жүргізілген талдау көрсеткендей, бұл қылмыстарға негізінен бос уақыты көп, еш нәрсемен айналыспайтын балалар барады. Егер бала нақты бір іспен айналысып, уақытын тиімді ұйымдастырса, бойында тәртіп қалыптасады. Сол себепті де бүгін осындай шағын жобаны бастап отырмыз. Сабақтан кейін ешқандай үйірмеге қатыспайтын жастарды таңдап алдық. Олар үшін Петропавлда барлық үйірмелердің жәрмеңкесін ұсындық. Ішінде тек спорттық емес, сонымен қатар зияткерлік бағыттар да бар», — деді Петропавл қалалық ПБ бастығы Серік Әлжанов.

Жасөспірімдер өз қызығушылығына сай үйірме таңдап, бірден жазыла алды. Нәтижесінде 40-қа жуық оқушы түрлі үйірмелер мен секцияларға тіркелді. Қалғандарына таңдау жасауға мүмкіндік берілді. Ұйымдастырушылар таратқан ақпараттық жаднамалар да толық үлестірілді.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмағандар жасаған 30 қылмыс тіркелген. Оның 24-і Петропавлда болған. Осыған байланысты полиция прокуратурамен, білім беру органдарымен және бос уақытты ұйымдастыратын мекемелермен бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Алдағы уақытта мұндай кездесулерді қаланың барлық мектептерінде өткізу жоспарланып отыр.

Тағы оқыңыз: Петропавлда жасанды интеллектті меңгерген ұстаздар байқауы өтті

Поделиться:

Shares