Петропавлда көшеге серуендеуге шыққан адамды бәз біреулер соққыға жыққан. Полицейлер бұзақылық жасаған күдіктілерді «ізін суытпай» ұстады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавл тұрғыны «102» арнасына хабарласып, бұзақылардың қолынан зардап шеккенін айтқан. Оның айтуынша, кешке қарай итімен серуендеуге шыққан оны белгісіз екі адам соққының астына алған. Тәртіп сақшылары бірден бұзақылық жасаған күдіктілерді іздеуге кіріседі.
«Қазақстан Конституциясы мен М. Әуезов көшелерінің қиылысындағы модульге түнгі кезекшілікке түскен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аумақты тексеру кезінде бағдар бойынша сипаттау белгілері ұқсас, масаң күйдегі екі адамды байқаған. Олар ұсталып, жедел-тергеу тобы келгенше модульге жеткізілді. Тексеру кезінде күдіктілердің бірінен кастет табылып, алынды. Ақпарат берілген сәттен жарты сағат өтпей күдіктілер қолға түсті. Тәртіп сақшылары: полицияға уақтылы жүгіну қылмыстарды «ізін суытпай» жедел ашуға септігін тигізетінін еске салады», — делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жерлес ақын Зейнолла Әкімжановтың шығармалар жинағының тұсаукесері өтті