СҚО-да жыл басынан бері әйелдерге қатысты 527 құқық бұзушылық тіркелді

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі ай ішінде отбасылық зорлық-зомбылыққа, оның ішінде әйелдерге қатысты 527 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Көп жағдайда еркектер әйелдерге қол көтеріп, озбырлық көрсеткен, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Бұл туралы AMANAT партиясы СҚОФ жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында  айтылды. Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткендердің  96-сы әкімшілік қамауға алынса, 60 адамға ескерту жасалған. Тағы бір адамға айыппұл салынды.

«Осы жылдың 2 айында облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстардың саны 55,5%-ға азайған. Сондай-ақ әйелдерге қатысты тұрмыс саласында жасалған қылмыстардың саны 20%-ға төмендегені байқалады», – деді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Әсия Әбжанова.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына, оның ішінде балаларға әлеуметтік қорғау жүйесінде арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынылады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының сөзінше, зардап шеккендерге тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, экономикалық, заң және басқа да бағыттар бойынша көмек көрсетілген.

«Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету шеңберінде 6 айға дейінгі мерзімге баспанада уақытша тұру, мамандармен жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылады. Мұндай жер Бескөл ауылында орналасқан. 20 орынға шақталған.  2021-2023 жылдар аралығында онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 175 құрбаны, оның ішінде ата-анасымен не заңды өкілдерімен жүгінген 98 бала арнайы әлеуметтік қызметтпен қамтылды. Қазіргі уақытта баспанада 9 баласы бар 20 әйел тұрып, көмек алып жатыр», – деп атап өтті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары  Серік Такумбетов.

Бұдан бөлек, 2021 жылдан бастап СҚО-да  «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Онда отбасы және неке, тұрғын үй қатынастары, еңбек заңнамасы, психологиялық көмек мәселелері бойынша заңгерлік кеңес беріледі. Былтыр орталыққа 1823 отбасы жүгінген.

Тағы оқыңыз:СҚО-да ауа температурасы +12 градусқа дейін жылынады

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x