Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» ЖШС экологиялық жобаны қолға алды. Шаруашылық мал қиынан органикалық тыңайытқыш өндіре бастады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бұл жобаны іске асыру үшін шаруашылық озық үлгідегі технологияны Түркия елінен шамамен 150 миллион теңгеге алдыртқан. Мал қиының құрамында азот, фосфор және калий секілді топыраққа пайдалы маңызды элементтер бар. Мамандардың сөзінше, химиялық қоспа себілген жерге қарағанда, табиғи тыңайтқыш пайдаланылған жерден екі есе мол өнім алуға болады.
«Бізге мұндай құрылғыны алу туралы идея 1,5-2 жыл бұрын келген. Сол уақыт ішінде техниканы қалай дұрыс пайдалану, игеру керектігін үйрендік. Қолымыздан келді. Міне, бүгін іске қостық. Бұдан шығатын тыңайтқыш 100 пайыз табиғи өнім. Ешқандай химиялық қоспа болмайды. Алдағы уақытта тыңайтқыштарды егістіктерде топырақты құнарландыру үшін пайдаланатын боламыз», — деді «Мәмбетов және К» ЖШС бас директоры Ойрат Нұрмағамбет.
Озық үлгідегі технологияның бөлшектері Түркиядағы EYS компаниясынан сатып алынып, түрік азаматтарының көмегімен құрастырылды. Бұл құрылғы тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Сондай-ақ, техинканы қашықтықтан басқаруға болады.
«Біздің құрылғыда малдың қиы 100 пайыз өңдеуден өтеді. Барлығын арнайы градусқа қойып қадағалап отырамыз. Жалпы бұл деген керемет дүние. Қоршаған ортаға да пайдалы. Сондай-ақ ауаға да зияны жоқ. Ешқандай аурулар тарамайды. Қазақстан үшін тиімді жоба», — деді EYS компаниясының сату және маркетинг жөніндегі директоры ERKAN ÖĞÜTÇÜ
Айта кетейік, облыста мұндай мал қиын өңдейтін экологиялық жоба алғаш рет іске қосылып отыр.
Тағы оқыңыз:Ойқала ықшам ауданындағы үйлер қайта қалпына келтіріліп жатыр