«AMANAT» партиясының СҚОФ жанындағы Әйелдер қанатының кезекті отырысы әйелдердің еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселесіне арналды. Кездесу барысында әрбір екінші еңбек инспекциясына түскен өтініш нәзікжандылардың құқықтарының бұзылуына байланысты екені анықталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жиын барысында қатысушылар әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және әртүрлі салалардағы әйелдерге тән мәселелерді талқылады. СҚО Еңбек инспекциясының басшысы Мирас Сабағанов еңбек заңнамасының әйелдерді, әсіресе жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар аналарды қорғауға бағытталған нормаларын атап өтті. Сонымен бірге, ол облыста тіркелген өтініштер мен өндірістік жазатайым оқиғалардың статистикасын ұсынды.

«2025 жылы департаментке келіп түскен 1691 өтініштің жартысынан астамы әйелдердің еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты. Негізгі шағымдар: жұмыс беруші тарапынан еңбек шарттарын заңсыз бұзу, тәртіптік жаза қолдану және жалақыны кешіктіру. Әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау тікелей қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етумен байланысты», — деді инспекция басшысы.
Бүгінгі таңда әйелдердің еңбек қауіпсіздігі – басым бағыттардың бірі. 2025 жылдың 12 айында өңірдегі кәсіпорындарда 9 әйел жарақат алды. Дегенмен, Еңбек инспекциясының кәсіпорындарда жүргізген профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде әйелдер арасындағы өндірістік жарақаттану деңгейі соңғы жылы 30%-ға төмендеген.
Тағы оқыңыз: СҚО-да прокурорлар мемлекетке 11,2 млн теңге қайтарды

