Синоптиктердің мәліметі бойынша 6-8 қараша аралығында Солтүстік Қазақстан облысында қар жауып, боран болады. Күндіз ауа температурасы -10 градусқа дейін төмендеуі ықтимал, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жұмыс аптасының алғашқы күнінде ауа райы облыс тұрғындары мен қонақтарын біраз әбігерге салды. Жел тұрып, қалың қар жауды. Оның соңы боранға ұласып, кейбір жолдарды жабуға тура келді. Мұндай қолайсыз ауа райы алдағы екі күнде де сақталады деген болжам бар.
«Облыстық гидрометеорологиялық орталықтың мәліметі бойынша 2024 жылдың 6-8 қараша аралығында Солтүстік Қазақстан облысы аумағында ауа райы күрт нашарлайды. Жауын-шашын, көбінесе қар жауып, боран, көктайғақ болады деп күтілуде. Түнде және күндіз ауа температурасы -10 градусқа дейін төмендейді», — деп хабарлады СҚО ТЖД Telegram арнасында.
Қала сыртында ғана емес, Петропавл көшелерінде де көліктердің жүріп тұруы қиындай түсті. Коммуналдық қызметтер көшелерді қардан тазалауға шықты.
Төтенше жағдай мамандары күн райының күрт өзгеруіне байланысты келесі шараларды ұсынады: Балаларға ерекше назар аудару, автокөлікпен алыс сапарларға шықпау. Сонымен қатар, елді мекендерден алыс жерге аң және балық аулауға бармауға кеңес береді.
«Пеш, электр және газ құралдарын пайдаланғанда өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз. Төтенше жағдай бола қалған жағдайда, тәулік бойы қызмет көрсететін 112 телефонына хабарласуға болатындығын еске саламыз», — делінген хабарламада.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда мүгедек жандар нысандарда еркін жүріп-тұра алмайды