Солтүстік Қазақстан облысының намысын әлемдік спорт аренасында қорғап жүрген Нұрқожа Қайпанов Алматы қаласына ауысты. Оның себебін спортшы Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына берген сұхбатында айтқан, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі Nur.kz сілтеме жасап.
Нұрқожа Қайпанов Петропавлдан көшуге отбасымен, жаттықтырушысымен ақылдасып шешім қабылдағанын айтады. Себебі, отбасы оңтүстік қалада тұрады екен, әрі жаттығуының басым бөлігі сол жақта өтеді.
«Алматыға ауысуымның басты себебі — отбасым осында тұрады. Петропавлда бапкерім Аян ағайдан басқа ешкімім жоқ. Жаттығуым да Алматыда өтеді, әрі-бері жүру, ұшып барып-келуге де Алматы ыңғайлы. Оның үстіне, болашақта пәтер берілсе де, Алматыдан берілсе екен деймін. Себебі, мен үйдің үлкенімін. Артымнан бауырларым еріп келе жатыр. Солардың аяққа тұрып кетуіне де жауаптымын»,-дейді чемпион сұхбатында.
Алматыға ауысу туралы ұсынысты өзі айтқан. Тіпті, ол жақта жалақсының аз болатынын да ескерткен.
«Алматыға ауысу үшін ешкім ақша беріп, алдап әкелген жоқ. Алайда, бұл менің өз шешімім. Мені ешкім мәжбүрлеген жоқ», — деді Нұрқожа Қайпанов.
Нұрқожа Қайпанов 2025 жылы 74 келі салмақта Азия чемпионы атанды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да өрттен адам құтқарылды