2026 жылғы 12 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты заңға қол қойды. Құжат ресми жарияланған күннен кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Жаңа нормалардың басым бөлігі 2026-2027 оқу жылынан бастап қолданыла бастайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Заңдағы маңызды өзгерістердің бірі – педагогтердің жауапкершілік шегін нақтылау. Енді мұғалімдер оқушылармен болған оқыс оқиғалар үшін тек өздерінің кәсіби қызметін атқару кезеңінде ғана жауап береді.
Сондай-ақ мектептерде ұялы телефон пайдаланудың жаңа тәртібі енгізіледі. Білім саласындағы уәкілетті орган оқушылардың мобильді құрылғыларды қолдану қағидаларын әзірлеп, бекітетін болады. Телефон қолданудың нақты талаптары арнайы ережелерде көрсетіледі.
Заң ата-аналардың жауапкершілігін де кеңейтті. Бұдан былай олар баланың денсаулығы, өмірі және қауіпсіздігі үшін де тікелей жауапты болады.
Оқушылардың міндеттері де толықтырылды. Енді білім алушылар педагогтердің заңмен белгіленген құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге міндетті. Бұл норма мектептегі тәртіпті нығайтуға және мұғалім мәртебесін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар республикалық және өңірлік олимпиадалар, ғылыми жобалар, кәсіби шеберлік және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарына халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу үшін мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Жаңа заңның негізгі нормалары алдағы оқу жылының басынан бастап күшіне еніп, мектептер мен білім беру ұйымдарының жұмысына тікелей әсер етеді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда алғаш рет ауқымды кәсіби бағдар беру сессиясы ұйымдастырылды

