Денсаулық сақтау министрлігі балалардың жаз мезгіліндегі денсаулығын сақтауға бағытталған жыл сайынғы «Салауатты жаз» профилактикалық науқанының басталғанын жариялады. Бағдарлама бүкіл жаз маусымына арналған. Медициналық тексерулерді, ағартушылық акцияларды, мектеп медицина қызметкерлерін оқытуды және басқа да іс-шараларды қамтиды, деп жазады Qazaqstan Media.
Науқанның шеңберінде өңірлер мен ауылдық елді мекендерге құрамында педиатрлар, офтальмологтар, стоматологтар, хирургтер және өзге де мамандар жұмыс істейтін жылжымалы медициналық кешендер жіберіледі.
Сондай-ақ негізгі кезеңде тексеруден өтпеген балалар үшін қосымша тексерулер ұйымдастырылады. Медициналық ұйымдарда тұрақты түрде «Ашық есік күндері» мен «Денсаулығыңды тексер» акциялары өткізіледі.
«Созылмалы аурулары бар балаларға ерекше назар аударылады: «Салауатты жаз» бағдарламасы шеңберінде олар қажетті сауықтыру шараларымен және медициналық бақылаумен қамтамасыз етіледі»,- деп хабарлады министрлік.
Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі денсаулыққа пайдалы ету үшін науқанға белсенді қатысуға шақырады.
Тағы оқыңыз: Биыл 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді

