Қазақстанда бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 3%-ға өсті. Бұл көрсеткіш аса жоғары болмағанымен, мамандар өсімнің сапасына назар аудару керек екенін айтады. Себебі биыл экономиканың дамуына мұнай емес, басқа салалар көбірек үлес қосып отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Сарапшылардың айтуынша, бұл — экономиканы әртараптандыру саясатының нақты нәтижесі. Соңғы жылдары ел алдында тұрған басты міндеттердің бірі — экономиканы тек шикізатқа тәуелді етпей, басқа бағыттарды дамыту болатын.
Бірінші тоқсанда мұнай өндіру көлемі 19,8%-ға төмендеді. Соған қарамастан, өсім басқа салалар есебінен сақталды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 8,5%-ға, құрылыс 14,8%-ға, көлік және қоймалау 12,8%-ға, сауда 4,8%-ға, ауыл шаруашылығы 3,4%-ға өсті. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,4%-ға артты.
Бұл экономикада оң өзгерістердің бар екенін көрсетеді. Яғни ел экономикасы енді тек мұнай мен шикізатқа сүйенбей, өндіріс, құрылыс, логистика, ауыл шаруашылығы және ішкі нарық арқылы дамып келеді.
Сонымен қатар, мемлекет инфляцияны тежеу, бәсекелестікті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Наурыз айында инфляция деңгейі 11% болды.
Мамандар қазіргі нәтижелерді соңғы қорытынды емес, аралық кезең деп бағалайды. Өйткені қазір көптеген инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар іске асып жатыр. Олардың экономикаға толық әсері алдағы уақытта байқалмақ.
Жалпы алғанда, қазіргі өсім қарқыны мақсатты межеден төмен болғанымен, оның сапасы өзгеріп келеді. Қазақстан экономикасы біртіндеп «шикізат – экспорт» моделінен «өндіріс – қосылған құн – ішкі өсім» моделіне ауыса бастады. Бірінші тоқсанның басты қорытындысы да осы.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бір аптада кене шағу фактілері төрт есеге көбейген

